Қысқы кезеңге дайындық алдын ала жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның негізгі салалары бойынша кешенді жұмыстар атқарылды.
Жылу жүйелерін дайындау мақсатында 2,7 шақырым магистральдік желі жаңартылып, 18 орталық қазандық пен 75 модульдік қазандық қайта жөндеуден өтті. Электрмен жабдықтау жүйесінде 148 қосалқы станция жаңғыртылып, 1626 шақырым электр желісі жаңартылды. Оның 1235 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асқан.
Облыс тұрғындарының көмірге сұранысы 696 мың тонна деп белгіленген. Соның 275,9 мың тоннасы жеткізілді, көмір қоры аудан-қалаларға кезең-кезеңімен тасымалдануда.
Газдандыру жұмыстары жалғасуда
Өңірде елді мекендерді көгілдір отынмен қамту да қарқынды жүзеге асуда. 2025 жылы 14 ауылда газдандыру жобалары атқарылып жатыр. Бүгінде 9 ауыл газға қосылды, тағы 10 елді мекенде жұмыстар инвесторлар есебінен жүргізілуде. Жыл соңына қарай облыстың газдандыру деңгейі 59,5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Ауыз су мәселесі шешімін табуда
Сапалы ауыз сумен қамту бойынша да ілгерілеу бар. 11 ауылда модульдік су тазарту кешендері орнатылып жатыр. 2025 жылдың қорытындысымен ауыл халқының 99,6 пайызы таза ауыз суға қол жеткізеді.
Бизнестің дамуына инфрақұрылымдық қолдау
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалар да серпін беруде. Бағдарлама бойынша 18 жоба іске асырылып, оның 5-і толық аяқталды, қалғандары жоғары дайындық деңгейінде. Бұл бастамалар өндірістік және логистикалық нысандарды газ, су және электр желілеріне қосуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасап отыр.
Облыс әкімдігі алдағы кезеңде де инженерлік желілерді жаңарту, елді мекендерді газдандыру және ауыз су сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.





