Пайдаланылмай жатқан жерлердің ең көп бөлігі Балқаш (15 807,5 га), Еңбекшіқазақ (7 590,54 га) және Талғар ауданында (15 452 га) тіркелген.
Жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
Аудан әкімдіктері 98 жер пайдаланушыға жалпы ауданы 33,6 мың гектардан астам учаске бойынша шарт талаптарын орындау қажеттігі туралы ресми ескерту жолдады. Сонымен қатар, 25 жер учаскесіне (15 мың гектардан астам) қатысты жалға алу шарттарын бұзу туралы істер сотқа берілді. Ал 9,5 мың гектардан астам жер ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұдан бөлек, бірқатар аудан әкімдіктері жер комиссияларының отырыстарын өткізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылу мәселелерін қарады. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында 216 материал қаралып, оның 101-іне теріс шешім қабылданған.
Алматы облысы әкімдігінің өкілі атап өткендей, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылмауы өңір үшін өзекті мәселе болып отыр.
«Біз пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, олардың нақты мақсатта игерілуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл шара ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді әкімдік өкілі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Басты мақсат – жерді тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыру және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.





