Кездесудің басты мақсаты – бизнес пен билік арасында тікелей диалог орнату. Мұндай формат Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту және іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Талқылау барысында жер телімдерін бөлу, инвестициялық жобаларды іске асыру, жекеменшік білім беру саласын реттеу, экологиялық талаптарды сақтау және құқық қорғау органдарының кәсіпорын қызметіне араласуы сынды өзекті мәселелер көтерілді. Әр бағыт бойынша тиісті мемлекеттік органдар түсініктеме беріп, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Бүгінде өңірде 56 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 15 мың бала білім алады. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап олардың 39-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей бастады. Бұл қадам облыстағы мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары Қарасай және Іле аудандарында жалпы сыйымдылығы 3,5 мың оқушыға арналған екі заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге оң ықпал етті.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
«Бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында облыс экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индекс 110,2 пайызды құрады. Ең жоғары өсім құрылыс, өнеркәсіп, сауда және инвестиция тарту салаларында байқалады. Кәсіпкерлікті қолдау – басым бағыттардың бірі. Бұл мақсатқа 27,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 156 мыңнан асты, ал сектордағы жұмыспен қамту 10,5 пайызға өсті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз өңірдің тұрақты дамуын және халықтың өмір сапасын арттыра аламыз», – деді өңір басшысы.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі болжамды болуы маңызды екенін атап өтті.
«Мен кездесу нәтижесіне өте ризамын. Барлық мәселе сол жерде талқыланып, нақты жауаптар берілді. Ал республикалық деңгейдегі сұрақтарды жеке бақылауыма алдым», – деді Қанат Нұров.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыру және бизнес мәселелері бойынша тұрақты пікір алмасу жөнінде уағдаласты. Мұндай өзара әрекеттестік өңірде кәсіпкерлікті дамытуға кедергілерді дер кезінде жоюға және бизнес ортасын жақсартуға мүмкіндік береді.





