Науқанға барлық қажетті ауыл шаруашылығы техникасы толық жұмылдырылған. Комбайндар піскен егіс алқаптарымен жүйелі түрде жүріп өтіп, орақ науқанының сапалы және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуде.
Шаруашылық басшысы Талғат Сұлтанов егін жинау барысын тұрақты бақылауда ұстап, мамандардың жұмысын үйлестіріп отыр. Сондай-ақ өндірістік процестің тиімді ұйымдастырылуы мен техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда шаруашылықтың суармалы жерлерінің жалпы көлемі 730 гектарды құрайды. Оның 247 гектары – күріш, 205 гектары – бидай, ал 278 гектары – көпжылдық шөптерге арналған. Егін жинауға екі комбайн, бір КамАЗ жүк көлігі және МТЗ-80 мен МТЗ-1221 тракторлары тартылған. Бүгінгі күні 110 гектар күріш орылып, орташа өнімділік гектарына шамамен 40 центнерді құрап отыр.
Биыл Балқаш ауданындағы суармалы егістік жерлердің жалпы көлемі 27 мың гектардан асты. Оның ішінде 7 мың гектардан астам алқапқа күріш егілсе, 5 мың гектардан астам жерге бидай мен арпа себілген. Қалған алқаптар көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарға бөлінген.
Жазғы шөп дайындау науқаны да табысты аяқталды. Биыл аудан бойынша 160 мың тоннадан астам пішен, 40 мың тоннаға жуық сүрлем-шөп (сенаж), шамамен 33 мың тонна сабан және 85 мың тонна сүрлем дайындалған. Дәнді дақылдардан жиналған жалпы өнім көлемі 9 мың тоннадан асып, орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрады. Қазіргі таңда 6 мың гектардан астам күріш алқабы орылып, орташа өнім гектарына 42 центнерге жуықтаған.
Күз мезгілі – ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысы шығарылатын жауапты кезең. Балқаш ауданының береке мен молшылықтың символына айналған күріш өнімі – диқан еңбегінің, табандылық пен кәсіби шеберліктің айғағы. Егіншілердің қажырлы еңбегі өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда.





