Барлық өтінімдер app.testcenter.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Талапкерлер тіркелу кезінде тест тапсыратын қаланы, тілді және білім беру бағдарламасы тобын өздері таңдайды. Бұл параметрлерді тек құжат қабылдау аяқталғанға дейін ғана өзгертуге мүмкіндік бар.
Магистратураға түсу тәртібі
Кешенді тестілеу қараша–желтоқсан айларында электронды форматта өтеді. Үміткерлер шет тілі, оқу-ғылыми дайындық және бейіндік пән бойынша сынақ тапсырады. Барлық тапсырмаларды орындауға 3 сағат 55 минут уақыт беріледі. Өту балы – 75 балл.
Ал профильді магистратураға құжат тапсырғандар тек бейіндік пәннен емтихан тапсырады. Бұл санат үшін өту шегі – 30 балл.
Докторантураға қабылдау талаптары
PhD бағдарламасына түсуге ниеттілер алдымен жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырады, содан кейін ғана Ұлттық тестілеу орталығында тіркеуден өтеді.
Докторантураға үміткерлерден ҚАЗТЕСТ сертификаты мен шет тілін меңгеру деңгейін растайтын халықаралық сертификат талап етіледі. TOEFL ITP иегерлері ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.
PhD бағдарламасына қабылдану үшін талапкер кемінде 75 балл, ал бейіндік және индустриялық бағыттағы PhD бағдарламаларына 50 баллдан жоғары жинауы тиіс.
Барлық тест пен емтиханның нақты уақыты мен өтетін орны туралы ақпарат 14 қараша күні талапкерлердің жеке кабинеттерінде жарияланады.





