Басты мерекелік шара облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Әскери оркестрдің әуендерімен және Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаевтың тебірене орындаған Мемлекеттік Гимнімен басталған рәсімде көк аспан төрінде Мемлекеттік Штандарт көтерілді.
Құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, ел тәуелсіздігі тарихындағы бұл күннің ерекше мәнге ие екенін айтты:
«25 қазан – бұл жай ғана мереке емес, халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының айғағы. 1990 жылы дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздігіне жол ашылды. Бұл күн — бірліктің, елдік пен мемлекеттік тұтастықтың символы. Еліміз өркендеп, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын», – деді өңір басшысы.
Биыл осы тарихи құжатқа 35 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, оның тарихи және рухани мәні жаңаша сипатта аталып өтуде.
Салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан қоғам белсенділері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және волонтерлер марапатталды. Олар «Бірлік» медалімен, Құрмет грамоталарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарымен марапатталып, өңірдің бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеудегі еңбегі үшін құрметке бөленді.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» аймақтық гранттарын табыстау рәсімі болды. Президенттің бастамасымен жүзеге асып келе жатқан бұл жоба жас қазақстандықтарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Биылғы жылы ғылым, мәдениет, бизнес, IT және медиа бағыттарында үздік деп танылған он жас әрқайсысы 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған реабилитациялық құрылғы ойлап тапқан оқушылар, домбыра тартуды үйрететін интерактивті платформа жасаушылар, экологиялық стартаптар мен жасанды интеллектке негізделген білім беру және медицина жобаларының авторлары бар. Бұл – тәуелсіз елдің жаңа буынының шығармашыл ойлау қабілеті мен елге қызмет ету ниетінің айғағы.
Мереке күні халық әртісі, «Ақжауын» оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбекке жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Бұл сыйлық оның ұлттық мәдениетті дамытуға және рухани мұраны сақтауға қосқан елеулі еңбегіне деген құрметтің белгісі. Тұрғын үйдің кілтін оған «Элитстрой» компаниясының вице-президенті Лаура Рисмұхамедова табыс етті.
Мерекелік іс-шара соңында Мемлекеттік Гимн бір ауыздан шырқалып, облыстың үздік өнерпаздарының қатысуымен өткен кең көлемді концерт ел көңілін көтерді. Жарқыраған сахна, ұлттық нақыштағы әуендер мен елге деген мақтаныш сезімі – биылғы Республика күнінің басты рәмізіне айналды.
Алматы облысының тұрғындары бұл мерекені тек өткенге тағзым етіп қана емес, тәуелсіз елдің болашағына сеніммен қарап, жаңа серпінмен қарсы алды. Республика күні – елдік рухтың, бірлік пен жасампаздықтың мерекесі екені тағы бір мәрте дәлелденді.





