Мерекелік іс-шараға орман саласының ардагерлері мен еңбеккерлері, сондай-ақ облыстық және аудандық мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиында табиғатты қорғау ісіне айрықша үлес қосқан қызметкерлерге Министрлік пен облыс әкімінің атынан Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері табыс етілді.
Салтанатты жиын аясында Кеген орман шаруашылығының жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан орманшылардың тиімді жұмыс істеуіне және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шарада сөз сөйлеген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы орман саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың табиғатты қорғау ісіндегі еңбегіне жоғары баға берді.
«Орман – еліміздің табиғи байлығының негізі. Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындауда Алматы облысы алдыңғы қатарда. Бұл бағытта сіздердің еңбектеріңіз айрықша», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл орман мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыда нығайтуға 217,9 миллион теңге бөлініп, патрульдік автокөліктер, тракторлар мен экскаваторлар сатып алынған. Сонымен қатар, 829 миллион теңгеге өртке қарсы 26 техника алу және жоғары қауіпті аймақтарға 18 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе орман өрттерін ерте анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мерекелік жиын жылы лебіздер мен алғысқа толы сәттерге ұласып, орман саласы мамандарының еңбегі лайықты дәрежеде бағаланды.
Орманшылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтай отырып, табиғатты қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолындағы еңбектеріне табыс тілейміз.





