Ауқымды жоба ауыл мен қала мәдениетін ұштастырып, өңірдің рухани өмірін байытуға бағытталған.
Мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы Қонаев қаласында өтті. Іс-шара жаңғыртудан өтіп, қайта пайдалануға берілген қалалық кітапхана жұмысымен танысудан басталды. Қазіргі таңда мұнда 90 мыңға жуық кітап қоры бар. Оқырман залдарында балалар әдебиеті мен шетел классиктерінің шығармалары, сондай-ақ ғасырлық тарихы бар сирек кездесетін туындылар сақталған.
Кітапхана қызметі толық автоматтандырылған жүйеге көшірілген. Кітапты алу және қайтару үрдісі арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Бұл – заманауи ақпараттық технологияларды мәдени мекемелерге енгізудің нақты көрінісі.
“Алдағы уақытта кітапханада жастарға арналған TikTok-аймақ ашу жоспарланып отыр. Онда жастар өз шығармашылығын таныстырып, мәдени контент қалыптастыруға мүмкіндік алады”, – дейді кітапхана қызметкерлері.
Мәдениет күндері аясында комиссия мүшелері Б.Соқпақбаев атындағы Орталық саябаққа барып, жаңадан бой көтерген амфитеатр мен балалар жазушысына арналған ескерткішпен танысты. Бұл орын бүгінде қала тұрғындары мен жасөспірімдердің сүйікті демалыс мекеніне айналып отыр.
Іс-шара одан әрі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Ал Мәдениет үйінің ауласында киіз үй тігіліп, қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі — бесікке бөлеу рәсімі көрсетілді.
Шараға түрлі ұлт өкілдері де белсене қатысып, өз мәдени мұраларын паш етті. Олар ұйымдастырған көрме көрермен назарына ұлттық киімдер мен қолданбалы өнер туындыларын ұсынды.
Мерекелік күн соңында көрермендер назарына облыс өнерпаздарының қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда халық әндері, дәстүрлі билер және этно-фольклорлық композициялар орындалды.
«Ауылым – алтын бесігім» жобасы ауыл мен қаланың мәдени байланысын нығайтып қана қоймай, өңірдің ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға зор үлес қосып келеді.





