Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, полиция басқармасының өкілдері, судьялар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты.
Басқосуда Конституциялық Соттың соңғы жылдардағы қызметі, қабылданған қаулылардың орындалу барысы және олардың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызы сөз болды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының талдаушысы Дәурен Шәріпбаев баяндама жасап, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық Сот қабылдаған 74 нормативтік қаулының 41-і (56%) толық орындалғанын, ал 33 қаулы (44%) іске асырылу кезеңінде екенін атап өтті.
Сонымен қатар 14 қаулының орындалуы бойынша мемлекеттік органдар нақты шаралар қабылдап жатқаны айтылды.
Баяндамашы Конституциялық Соттың азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар шешімдеріне тоқталды. Мәселен, 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 қаулы мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу мәселесін қамтып, азаматтардың еңбек ету құқығын қалпына келтіруге жол ашқан.
Ал 2023 жылғы 11 сәуірдегі №9 қаулы үйқамақ шарасы кезінде адамның жеке бостандығы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты маңызды ұстаным бекіткен.
Бұдан бөлек, алимент өндіру, бейбіт жиналыстар өткізу сияқты әлеуметтік маңызы бар тақырыптар да Конституциялық Соттың назарынан тыс қалмаған.
Дөңгелек үстел барысында ҚР Конституциялық Сотының судьясы Роман Подопригора сөз сөйлеп, соттың 30 жылдық тәжірибесіне тоқталды. Ол конституциялық заңдылықты нығайту, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және заң үстемдігін қалыптастыру жолындағы жетістіктер мен реформаларды баяндады.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова мұндай пікірталас алаңдарының маңызын атап өтті:
«Мұндай кездесулер туындайтын мәселелерді жүйелі түрде талқылауға, ортақ шешімдер қабылдауға және барлық мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының Конституциясын нығайтуға және құқықтық мемлекетті одан әрі ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосады», – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында Конституциялық Соттың үш онжылдық қызметінің негізгі нәтижелері сараланып, адам құқықтарын қорғау мен құқықтық мемлекетті дамыту бағытындағы жаңа міндеттер айқындалды. Шара Қонаев қаласында заң үстемдігі мен азаматтық қоғам мәдениетін нығайтуға бағытталған мазмұнды диалог алаңы болды.





