Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын. Осы бастама аясында Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы жұмысшы жастардың әлеуетін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «SPORT-TIME» жобасын жүзеге асырып келеді.
Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Шыңғыс Мұқашевтың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – жұмысшы жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау және спорт арқылы еңбек адамының беделін арттыру.
“”SPORT-TIME” жобасы еңбек ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жастарды тұрақты түрде спортпен айналысуға баулиды. Осындай турнирлер олардың өмір салтын белсенді етуге және жаңа таныстықтар орнатуға жол ашады”, – дейді ол.
Жоба шеңберінде жаз айларында аудан және қала деңгейінде іріктеу турнирлері өткізілген. Барлығы 80-ге жуық команда қатысып, үздік шыққан 11 команда облыстық деңгейге жолдама алған.
Финалдық бәсекеде әр өңірдің еңбек ұжымдары бақ сынады. Мәселен, Жамбыл ауданынан «Алматы жарық компаниясы» электршілері, Талғар ауданынан «Angars» құрылысшылар командасы, Балқаш ауданынан «Бақбақты» құрылысшылар командасы, ал Еңбекшіқазақ ауданынан «Алтын Әлем» компаниясының дәнекерлеушілері жарысқа қатысты.
“Біз Кеген ауданынан келдік. Бұған дейінгі іріктеу кезеңі өте тартысты өткен еді. Бұл жолғы турнирдің деңгейі жоғары, қарсыластар да мықты. Осындай жарыстар жастардың бірлігін арттырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге ықпал етеді”, – дейді қатысушы Руслан Айтжанов.
Тартысты өткен финалда жеңімпаздар келесідей анықталды:
- І орын – Кеген ауданынан келген «Кеген жастары» командасы;
- ІІ орын – Балқаш ауданының «Бақбақты» командасы;
- ІІІ орын – Еңбекшіқазақ ауданының «Еңбекшіқазақ» командасы.
Жеңімпаздарға төмендегідей қаржылай сыйлықтар табысталды:
- І орын – 200 000 теңге
- ІІ орын – 150 000 теңге
- ІІІ орын – 100 000 теңге
Сонымен қатар, жүлделі орынға ілінбеген командалар да назардан тыс қалмады – оларға ынталандыру ретінде 30 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.
Жастар ресурстық орталығының өкілдері атап өткендей, мұндай турнирлер еңбек адамдарының абыройын арттырумен қатар, ұжымішілік бірлікті нығайтуға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді.
«SPORT-TIME» турнирі – жұмысшы жастарды біріктіріп, спорт пен салауатты өмір салтына жетелеген маңызды бастама болды.





