29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Қонаевтағы Alatau Hub алаңында AI WEEK атты халықаралық деңгейдегі технологиялық апталық ұйымдастырылуда. Бұл шараға өңірдің IT-мамандары, кәсіпкерлері, студенттері және жаңа технологияға қызығушылық танытқан жастар қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алмақ.
Апталықтың басты мақсаты – жасанды интеллект құралдарын жергілікті бизнеске, білім беру жүйесіне және креативті индустрияға енгізу арқылы цифрлық трансформацияны жеделдету, өңірлік технологиялық экожүйені дамыту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, AI WEEK аясында қатысушылар тек білім алып қана қоймай, саладағы үздік мамандармен байланыс орнатып, инновациялық қауымдастықтың белсенді мүшесіне айнала алады.
Бағдарлама әртүрлі форматтағы іс-шаралардан тұрады:
AI Workshop – жасанды интеллект құралдарының күнделікті бизнестегі тиімділігін нақты мысалдар арқылы көрсететін тәжірибелік кездесу;
AI Bootcamp – генеративті жасанды интеллект негіздерін үйрететін үш күндік қарқынды оқу курсы. Қатысушылар мәтін жазу, сурет салу, процестерді автоматтандыру секілді бағыттарды меңгереді;
AI Pizza Pitch – еркін форматтағы стартап идеяларды таныстыру алаңы. Мұнда жас кәсіпкерлер жаңа байланыс орнатып, сарапшылардың пікірін тыңдай алады;
AI Speaker Talk – жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін ашық пікірталас алаңы. Қатысушылар жасанды интеллекттің заманауи трендтерімен танысып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қояды.
Мамандардың пікірінше, мұндай шаралар аймақтың технологиялық әлеуетін арттыруға, жастардың заманауи білім алуына және кәсіпкерліктің жаңа деңгейге шығуына сеп болады.
AI WEEK апталығы – Қазақстандағы жасанды интеллект саласын дамытуға жасалған стратегиялық қадам әрі Қонаев қаласының инновациялық орталыққа айналуына серпін бермек.





