Биыл облыста 30 қазандық жөндеуден өтуде. Бүгінгі күнге дейін олардың 28-і қалпына келтірілді. Қалған екі қазандық қыркүйек айының соңына дейін толық іске қосылады. Сонымен қатар 2 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылып, айдың соңына дейін тағы 500 метр желіні ауыстыру жоспарланған.
Жылыту маусымына дайындық аясында Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында 15 блокты-модульді қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелерді тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Жаңа жобалар қолға алынуда
Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының бөлім басшысы Ержан Әділеттің айтуынша, орталықтандырылған жылумен қамту көрсеткішін арттыру бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
«Қазіргі таңда 25 блокты-модульді қазандық салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл қазандықтар 150 көпқабатты тұрғын үйді қамтиды. Бүгінде облыста орталықтандырылған жылумен қамту деңгейі 68 пайызды құрайды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 75–80 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Мақсат – тұрақты әрі сапалы жылумен қамту
Өңірде атқарылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарды қыс мезгілінде үздіксіз және сапалы жылумен қамтуға бағытталған. Жаңа қазандықтардың іске қосылуы және жылу желілерінің жаңартылуы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін айтарлықтай жақсартпақ.
Алматы облысы әкімдігі жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.





