Ол 1970 жылдың шілдесінде Қапшағай су электр станциясының құрылысына жас маман ретінде келіп, содан бері бар ғұмырын осы шаһардың дамуына арнады. Бүгінде оның еңбек өтілі 55 жылға жетіп, бұл көрсеткіш қаланың 55 жылдық мерейтойымен үндесіп отыр.
Қала тарихының бастауында
Қонаев қаласының негізі Іле өзеніне салынған Қапшағай ГЭС-інің құрылысына байланысты қаланды. Дәл осы құрылыс кезінде алғашқы шағынаудандар, жолдар, әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтерді.
Жас маман атанған Александр Чжен ел тарихындағы ең ірі энергетикалық жобаның бел ортасында жүрді. Арада бір жыл өткенде, 1970 жылдың желтоқсанында Қапшағай ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты іске қосылды. Бұл – еліміздің энергетика саласындағы айтулы оқиғалардың бірі болды.
Қала мен қоғам игілігі үшін
Александр Чженнің еңбегі тек энергетика саласымен шектелмей, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да бағытталды. Әсіресе фарфор зауытында бас директордың орынбасары болып еңбек еткен жылдары ол кәсіпорын есебінен тұрғын үйлер салуға ұйытқы болды. Нәтижесінде ондаған отбасы баспаналы болып, әлеуметтік жағдайын түзеді.
Алайда қиын кезеңдер де кездесті. Бір уақытта зауытта ірі өрт шығып, өндіріс тоқтап қалу қаупі төнді. Осындай сын сәтте Александр Чженнің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кәсіпорын қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріліп, жұмысын қайта жалғастырды. Бұл оның қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды.
«Біз жас едік. Болашақты саламыз деген сеніммен еңбек еттік. Әрбір кірпіш, әрбір тақтайша – біздің жанымыздың бір бөлшегі», – деп еске алады ардагер құрылысшы.
Жұмысшы мамандықтарының жылы – еңбектің бағасы
Биылғы Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Александр Чжен сияқты азаматтардың еңбек жолы ерекше мәнге ие. Оның қаласына деген адалдығы мен кәсібіне беріктігі кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.
Александр Чженнің 55 жыл бұрын басталған еңбек жолы мен Қонаев қаласының бүгінгі мерейтойы – егіз ұғым. Қала жылдан жылға дамып, жаңарып келеді. Сол еңбектің нәтижесін бүгінде мыңдаған тұрғын көріп отыр.
Қойшыманов пен Алматы көшелерінің қиылысында орналасқан «Алғашқы құрылысшылар» ескерткіші – өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі.
«Қазір қаламыз өркендеп келеді. Жаңа мектептер, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жастарға айтарым – құрылысшы мамандығы қашанда қадірлі. Біз тұрғызған дүниелерді келер ұрпақ пайдаланады», – дейді Александр Чжен.
Қалаға деген мақтаныш пен сенім
Қонаев қаласының 55 жылдық мерекесіне орай Александр Чжен барша қала тұрғындарын шын жүректен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
«Біз алғашқылардың бірі болып осы қаланың іргетасын қаладық. Сол үшін қуанамын, мақтанамын. Енді қаламыздың әр шаңырағында шаттық пен береке орнасын. Алда Қонаевты одан әрі көркею мен жаңа белестер күтіп тұр!», – деді ол сөзін қорытындылап.
Қонаевтың өткені мен бүгіні – еңбек адамдарының қажырлы еңбегі мен арман-мүддесінің нәтижесі. Бүгінде қала жаңарып, жаңаша реңкке ие болып, келер ұрпаққа жарқын болашақ сыйлауда.





