Биылғы науқан толықтай цифрлық форматта өтіп жатыр. Әскерге шақырылушыларға хабарламалар eGov және SMS арқылы жолдануда. Ал медициналық тексеру «е-Медосмотр» жүйесі арқылы жүргізіліп, қағаз түріндегі медициналық карталар мен деректерді қолмен енгізу тәжірибесі жойылды.
Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Дулат Акишевтің мәліметінше, осы күзде 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқығы жоқ 1 761 жас мерзімді әскери қызметке аттанады. Оның ішінде:
880 сарбаз – Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде,
881 сарбаз – Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдерінде борышын өтейді.
Медициналық деректер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілген. Бұл әскерге шақырылушыларды дер кезінде тексеруге жолдап, олардың әскери қызметке жарамдылығы жөнінде шешім қабылдауды жеңілдетеді.
Әскери борышын өтеп келген азаматтарға білім беру жеңілдіктері қарастырылған. Соның ішінде студенттік жатақханадан орын алуға басымдық құқығы беріледі.
Бұл бастама жастардың Отан алдындағы борышын өтеуін ынталандырып қана қоймай, олардың әрі қарай білім алып, мамандық игеруіне жағдай жасамақ.





