Жедел жәрдем көлігі жеткізген 1980 жылы туған ер адам газ баллоны жарылысының салдарынан денесінің 35 пайызын күйік шалған күйде түскен. Оның беті, мойны, денесі, қолдары мен аяқтары қатты зақымданған. Сонымен қатар жоғарғы тыныс жолдары күйіп, тыныс алуы қиындаған.
Дәрігерлер науқасты дереу жансақтау бөліміне жатқызып, шұғыл көмек көрсетті. Оған ауырсынуды басу, тыныс алуын тұрақтандыру, инфузиялық және дезинтоксикациялық терапия жүргізілді. Арнайы хаттамаға сәйкес күйік беттерін өңдеу, антибиотиктер мен анальгетиктер тағайындау, тұрақты бақылау және тыныс алу қызметін қолдау сияқты шаралар атқарылды.
Үш аптаға созылған жан-жақты ем мен күтім нәтижесінде науқастың жағдайы тұрақтанып, ол қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар адамның өмірі бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін екенін көрсетеді. Осындай сын сәтте дәрігерлердің кәсіби білімі, тәжірибесі мен үйлесімді еңбегі шешуші рөл атқарады.
Талғар аудандық ауруханасының ақ халатты абзал жандары тағы да медицинаның тек ғылым ғана емес, сонымен бірге ерлік пен мамандыққа адалдық екенін дәлелдеді.





