Тілсіз жау «Алматы – Өскемен» автожолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы «ADC TAZA ALEM» ЖШС-іне тиесілі полигонда орын алды. Жалпы аумағы 35 гектар болатын қоқыс алаңының шамамен 10 гектар жері отқа оранған.
Қазіргі таңда тәулік бойы өртті сөндіру және жерді рекультивациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша шара ретінде «Терең Қара» каналынан 2000 метрлік өрт сөндіру рукавы арқылы мотопомпамен су жеткізілуде.
Жалынмен күреске барлығы 108 адам және 54 техника тартылған. Атап айтқанда:
Алматы облысының ТЖД – 65 қызметкер, 15 техника (оның ішінде 6 автоцистерна, лафетпен жабдықталған автоцистерна, насосты рукавты автомобиль, самосвалдар, су тасушы көліктер және вахтовка);
Алматы қаласының ТЖД – 17 қызметкер, 5 техника (4 автоцистерна, 1 АСОР);
28237 әскери бөлімі (Ұзынағаш) – 7 қызметкер, 7 техника (бульдозер, самосвалдар, трал және тиегіш);
Жергілікті атқарушы органдар – 10 қызметкер, 19 техника (самосвалдар, экскаватор, тиегіш және су тасушы көліктер);
Қазселденқорғау мекемесі – 9 қызметкер, 9 техника (самосвалдар мен тиегіштер).
Мамандардың айтуынша, жағдай толық бақылауға алынған. Өрт сөндіру жұмыстары оқиға орнында үздіксіз жүргізілуде.





