Жаңадан бой көтерген мәдениет ошағының ашылу рәсімінде аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуанышын бөлісті.
«Жаңа Мәдениет үйі – өнер мен руханияттың ордасы, жастардың талантын ұштайтын, шығармашылық шабыт сыйлайтын мекен болатынына сеніміміз мол. Бүгінде облыс бойынша 294 мәдениет нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл 24 мәдениет нысанына құрылыс, күрделі және ағымды жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 9 ғимарат салынып, 5 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, 6 нысанға ағымды жөндеу жасалып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 4 кітапхананы модернизациялау қолға алынған», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа Мәдениет үйі бұрынғы Жалағаш ауылдық мәдениет үйінің орнына салынды. Бұрынғы ғимарат 1959 жылы пайдалануға беріліп, онда бар-жоғы 4 қызметкер еңбек еткен еді. Ал жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, бірқатар мәселені түбегейлі шешті. Енді Мәдениет үйі 250 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 8 қызметкер еңбек етпек, оның төртеуі – мәдениет саласының мамандары. Үйірмелер саны 10-ға дейін көбейіп, ауыл жастарына өнер мен шығармашылықпен айналысуға кең мүмкіндік жасалды.
«Осылайша жаңа мәдениет үйі тұрғындардың рухани сұранысын өтеуге, жастарды мәдениетке баулуға және ауыл өмірін жандандыруға жол ашады. Құрметті жерлестер, жаңа мәдениет ошағы ауылымызға тың серпін мен жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Мәдениет – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Өнер мен мәдениетке арналған бұл орталық ауылымыздың дамуына айрықша ықпал етіп, сіздерге қуаныш пен рухани нәр берсін. Рухани ордамыз құтты болсын!» – деп атап өтті облыс әкімі.
Салтанатты рәсім соңында аймақ басшысы Мәдениет үйінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жиында Жалағаш ауылының құрметті ақсақалы Нұраш Бейсенбайұлы да сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, облыс және ауыл әкімдеріне алғыс білдірді.
«Бүгінгі мерейтой құтты болсын! Босағасы берік, есігі ашық болсын. Шаңырағы биік болсын. Ауылымыздың ауызбіршілігі мол болсын. Өсетін ел бір-бірін батыр дейді, сондықтан ел басқарып жүрген батырларымызды қолдауымыз керек. Бұл жерден Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Димаш Құдайберген сынды алыптар шықсын», — деді ол.
Жалағаш ауылдық мәдениет үйінің ашылуы – өңірде мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Алматы облысында биыл мәдениет саласында бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып, ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр.





