Бұл бастаманы облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы мен инновациялық хаб бірлесе жүзеге асыруда. Экожүйені дамытуға және жаңа цифрлық шешімдерді құруға хабтың резиденттері де белсенді атсалысуда.
Жүйенің шартты атауы – Qonaev AI. Қазіргі таңда ол сынақтық режимде жұмыс істеп тұр. Алғашқы кезеңде модельдер мен алгоритмдер Алматы облысы Цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде қолданылуда. Алдағы уақытта басқа басқармалар мен аудандық, қалалық әкімдіктердің ақпараттық базалары да интеграцияланып, жүйенің функционалы кеңейтілетін болады.
Барлық деректерді өңдеу және сақтау үдерістері Alatau Hub базасында орналасқан жергілікті инфрақұрылымда жүзеге асады. Бұл өз кезегінде ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, деректерді толық бақылауды және сенімділікті қамтамасыз етеді. Жоспарға сәйкес, серверлік қуаттарды ұлғайту, қосымша дереккөздерді біріктіру және ақпаратты қорғаудың барлық талаптарын сақтау көзделген.
Жобаның негізгі даму бағыты – жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу. Оның көмегімен жобалық есептеулер жеделдетіліп, ресурстар тиімді жұмсалады, сапаны бақылау күшейеді және жаңа инновациялық шешімдер ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, бірыңғай деректер базасын құру өңірдің инфрақұрылымдық дамуының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – Алматы облысының цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамы болып саналады.





