Өңірдің негізгі бағыттарының бірі – республикалық маңызы бар «Көкпек – Шонжы» автожолы қайта жөнделіп жатыр. Бұл жол арқылы күн сайын мыңдаған көлік қатынайды әрі ол әйгілі ыстық су көздеріне апаратын басты бағыт болып саналады. Сол себепті жоба өңірлік туризмді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға енгізілген.
Ұйғыр ауданында ұзындығы 85 шақырымдық жол учаскесін қайта жаңарту басталды. Аталған трасса Арасан ауылдық округін туристік нысандармен байланыстырып, ішкі туризм үшін маңызды рөл атқарады. Соңғы күрделі жөндеу осыдан жиырмадан астам жыл бұрын жүргізілген. Қазіргі таңда «Көкпек – Шонжы» жолының ыстық су көздеріне апаратын екі бөлігі толық жаңартылуда.
Жолдың жағдайы ұзақ жылдар бойы қанағаттанарлықсыз болып, жергілікті халық бірнеше рет билікке шағымданған. Ұйғыр ауданының тұрғыны Құрметхан Жидебаев бұл учаскенің маңыздылығын атап өтті.
«Шарын шатқалына жақын бұл бөлік ең күрделі учаскелердің бірі еді. Жолдың Қытай шекарасына дейін жалғасатыны белгілі. Жөндеуден кейін туристерге де, кәсіпкерлерге де қатынау әлдеқайда жеңілдейді. Бұл баршаға қажет жол», – деді ол.
Жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге бөлінген. Биыл мердігерлер ресайклинг жасап, инертті материал төсеп, асфальттың алғашқы қабатын салуды жоспарлап отыр. Жобаны толық аяқтау келесі жылға белгіленген.
«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы бөлімінің басшысы Досбол Тепкішовтың айтуынша, жол 1980–1990 жылдары салынған, жабыны әбден тозған. Жергілікті тұрғындардың шағымы жиілеп, апатты жағдайлар көптеп тіркелген. 2000-жылдардың басында тек үстіңгі қабаты ауыстырылса, кейінгі жылдары тек шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Қазір орташа жөндеу қолға алынған, ал биылдың өзінде қозғалыс бір қабат асфальтпен ашылады.
Жалпы, 2025 жылы Алматы облысында республикалық маңызы бар 247 шақырым жол жөнделеді. Оның шамамен 200 шақырымы Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарына тиесілі болмақ.





