Жиын Алматы және Мәскеу облыстарының кәсіпкерлеріне арналған бизнес-форум қарсаңында өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев та қатысты.
Андрей Воробьёв Қазақстаннан келген делегацияға алғысын білдіріп, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Сіздердің Мәскеу облысына келіп, әртүрлі саладағы ынтымақтастықты талқылауға уақыт бөлгендеріңізге қуаныштымыз. Қазақстандық кәсіпкерлердің жобалары Подмосковьеде іске асса, ал біздің бизнес өкілдері Қазақстанда еркін жұмыс істей алса, бұл екі жақ үшін де тиімді болмақ. Бүгінгі форум осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі», – деді ол.
Алматы облысының делегациясы Солнечногорск қаласындағы «Есипово» индустриалды паркін аралап, «Лайт индустриал» үлгісімен танысты. Бұл жоба өндірісті небәрі үш айда іске қосуға мүмкіндік беріп, шағын және орта бизнес үшін тиімді шешім ретінде бағаланып отыр.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде екі өңірдің даму бағыты мен экономикалық құрылымындағы ұқсастықтарды атап өтті.
«Біздің аймақтың даму бағыты да, орналасуы да ұқсас – біз Алматыны қоршасақ, сіздер Мәскеудің айналасындасыздар. Экономикалық құрылым да сәйкес келеді. Қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысында жұмыс істеуге қызығушылығы бар, сондай-ақ Мәскеу облысының бизнесі Алматы облысына келуге ниетті. Бұл – өндіріс пен логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады», – деді ол.
Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі ресейлік әріптесін Алматы облысына ресми сапармен келуге шақырды.
Соңғы бес жылда Мәскеу облысының Қазақстанмен тауар айналымы 1,8 есеге артқан. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта Подмосковьеде өндірілетін косметика, химия, фармацевтика, полимерлер, машина жасау өнімдері, металл және автокомпоненттерге сұраныс жоғары.
Өткен жылы Мәскеу облысының бірқатар өндірушілері – Серпухов, Лосино-Петровский, Раменск, Люберцы, Сергиево-Посад округтерінің кәсіпорындары Қазақстанмен 177 экспорттық келісімшарт жасап, өз өнімдерін жеткізе бастады.





