Фестиваль аясында өткен «Тіл және қоғам» көрмесінде жиналған жұртшылыққа Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов, Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев, сондай-ақ қоғам және мәдениет саласының бірқатар өкілдері құттықтау сөзін арнады.
Өз сөзінде Қуат Байғоджаев тілдің ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығындағы рөліне тоқталды.
«Тіл – ұлттың болмысы ғана емес, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік іргетасы. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жылдан-жылға кеңейіп, жастар арасында қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналуда. Бұл – ең үлкен жетістігіміз», – деді ол.
Фестиваль барысында тілдерді дамыту ісіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар Алматы облысы әкімдігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының марапаттарына ие болды.
Өнер мерекесімен түйінделді
Салтанатты жиын «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен «Тіл – тарихтың айнасы» атты концерттік бағдарламамен аяқталды.
Қазақстандағы жүзден астам этнос өкілдерін ортақ шаңырақ астына біріктіретін мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатқан бұл фестиваль жалпыхалықтық мерекеге айналды.





