Бұған дейін дачалық массив тұрғындары балалардың мектепке, ал ересектердің аудан орталығына жетуінде бірқатар қиындықтарға тап болып келген еді. Осы мәселені шешу мақсатында аудан әкімінің тапсырмасымен автокөлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары №4 бағытты қайта қарап, жаңа қозғалыс сызбасын енгізді.
Бөлім басшысы Асқат Досжановтың айтуынша, енді «Тегістік» бау-бақша серіктестігін Талғар қаласымен байланыстыратын автобус 13 көшені қамтып өтеді. Маршрут ауылдық аймақты аралап, Сейфуллин атындағы №2 мектептің, аудандық аурухананың, әкімдік ғимараты мен орталық базардың жанынан өтіп, қала орталығына шығады. Қазіргі таңда бірден төрт автобус жолға шығарылып, тұрғындардың қатынауына едәуір жеңілдік жасалды.
Жолақы құны да белгіленді: Alempay картасы арқылы төлеу – 120 теңге, балаларға – 60 теңге, ал қолма-қол төлем – 200 теңге. «Бұл өзгеріс тұрғындардың көпшілік өтініштеріне тікелей жауап болып отыр», – деді Асқат Досжанов.
Жаңа бағыттың ашылуы Кендала ауылдық округінің тұрғындары үшін оқу, жұмыс және медициналық мекемелерге уақытылы әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.





