Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бахытұлының айтуынша, жаңа кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және облыстың елдегі индустриялық өсім орталықтарының бірі ретіндегі рөлін арттыруға жол ашады.
«Бұл фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер. Бұдан былай олардың өнімі тек шикі күйінде сатылмайды, заманауи зауытта өңделеді. Бұл – тұрақты өткізу нарығы, шаруашылықтардың табыстылығының артуы және өнімнің ысырабын азайту. Сонымен қатар, дайын өнімнің бір бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Бұл жергілікті өндірушілерге жаңа нарықтарға шығуға жол ашады», – деді ол.
Жобаны жүзеге асыру аясында «Qazaq Global Food JV» компаниясы Түркияның жетекші кәсіпорындарының бірі Göknur Gıda-мен «Off-take» келісімшартқа қол қойды. Түрік компаниясы зауыттың алма шырыны концентратын және басқа да өнімдерін экспортқа шығару бойынша стратегиялық серіктес болмақ. Бұл келісім ұзақ мерзімді өткізу кепілдігін беріп, қазақстандық өнімнің шетелдік нарыққа шығуына кең мүмкіндік ашады.
Жаңа өндірістің іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етпек. Бүгінде концентраттар мен өңделген өнімдердің едәуір бөлігі Қытайдан және басқа елдерден әкелінеді. Енді Алматы облысында жоғары қосылған құнға ие отандық өндіріс қалыптасып, азық-түлік қауіпсіздігі нығайтылады.
Жоба қаржыландырудың жаңа тетігі арқылы іске асырылуда. Оның жалпы құны – 9,5 млрд теңге. Соның ішінде 7,1 млрд теңгені Қазақстанның Даму Банкі бөлсе, инвестор кепіл ретінде «Даму» қорының 2,8 млрд теңге көлеміндегі кепілдігін пайдаланды. Бұл Қазақстанда алғаш рет «Бәйтерек» холдингі аясында енгізілген «Кепілдік қоры – 2» құралы арқылы жүзеге асырылып отыр.
«Мұндай ауқымды бастамаларды іске асыру барлық тараптың үйлестірілген жұмысын қажет етеді. Алматы облысының әкімдігі инвестордың негізгі серіктесі болып отыр. Жоба әзірленген кезеңнен бастап біз жер телімін бөлу, келісімдерден өткізу, рұқсат құжаттарын дайындау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты барлық процестерді сүйемелдедік. Бұл жүйелі жұмыс өндірісті сәтті іске қосуға кепілдік береді», – деп атап өтті Қуаныш Бахытұлы.
Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданында қолға алынған жаңа зауыт жобасы өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тұрақты табыс табуына және қазақстандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік ашпақ.





