Алдыңғы аптамен салыстырғанда туберкулез, бруцеллез, эхинококкоз және желшешек бойынша сырқаттанушылықтың өсімі байқалды. Сонымен бірге менингококкты инфекция, қызылша, скарлатина және жіті ішек инфекциялары азайған. Вирустық А гепатиті көрсеткіші өзгеріссіз қалды.
Барлық 27 жұқпа ошағы бақылауға алынып, қарым-қатынаста болған 61 адам анықталды. Олардың 57-сіне зертханалық тексеру жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды. Санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар облыс тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Есепті кезеңде оба, тырысқақ, туляремия, безгек және іш сүзегі сияқты аса қауіпті 57 инфекция тіркелмеген. Қызылша, көкжөтел, вирустық А гепатиті және жаппай тамақтан улану жағдайлары төмендегенімен, туберкулез, бруцеллез, кене энцефалиті мен менингококкты инфекцияда өсім бар.
Қызылша мен қызамық бойынша жағдай тұрақты. Биыл қызылшаның 150 жағдайы тіркеліп, оның 80-і зертханалық жолмен нақтыланды. Науқастардың 87 пайызын екпе алмаған балалар құрап отыр. 2023–2024 жылдары жүргізілген қосымша иммундау науқастану деңгейін тұрақтандыруға ықпал етті.
Көкжөтелдің 14 жағдайы тіркеліп, оның 11-і зертханалық расталды. Көбіне екпе алмағандар арасында анықталған. Кене энцефалитіне күдікті 8 жағдай тіркеліп, 4-і зертханалық жолмен нақтыланды. Маусымдық белсенділік кезеңінде 2 739 адам кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген, олардың 58 пайызы – балалар. Алдын алу мақсатында 2 719 адам иммуноглобулинмен қамтылды.
Эндемиялық аудандарда (Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Талғар, Ұйғыр, Кеген) жалпы көлемі 738 гектар аумақта дезинсекциялық өңдеудің екі кезеңі жүргізілді. Бұдан бөлек, 70 гектар су айдынында безгекке қарсы, ал 2 228 гектар аумақта туляремияға қарсы дератизациялық шаралар атқарылды.
Халықты қорғау шараларының аясында:
129 мыңнан астам адам профилактикалық екпемен қамтылды;
жануарлар тістеген 9 124 адамға құтырмаға қарсы вакцина салынды;
2 мыңға жуық адам кене энцефалитіне қарсы екпе алды;
733 инфекциялық ошаққа қорытынды дезинфекция жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Алдын алу және қорғану шаралары жүйелі түрде жалғастырылып, тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.





