«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 10 финалист анықталып, олардың үшеуі республикалық кезеңге жолдама алды. Олар 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа үміткер бола алады.
Аймақтың интерактивті инвестициялық картасында жалпы құны шамамен 2 трлн теңге болатын 90 жоба іске асырылуда. Бұл 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Аталған қаражат несие пайыздарын субсидиялауға, қарыздар мен лизинг бойынша кепілдік беруге, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігі мен әлеуметтік жобаларды гранттар арқылы қолдауға бағытталған.
Соңғы үш жылда облыс экономикасына салынған инвестициялар 60%-ға өсіп, шамамен 2,5 трлн теңгеге жетті. Бүгінде өңірде алты индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр, тағы тоғызы құрылу сатысында. Жаңа жобалардың қатарында зауыттар, фабрикалар, логистикалық хаб және балық шаруашылығы кәсіпорындары бар.
2026 жылы жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 35 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.





