Жаңа бастаманың жарқын үлгісі ретінде «Мәриям» шаруа қожалығындағы алғашқы қауын өнімі аталады. Қожалық жалпы 280 гектар жерді игеріп отыр. Биыл алғаш рет 2 гектарға төрт түрлі қауын сортын еккен шаруалар гектарына 40 тоннадан өнім жинап, күткен нәтижеден асып түсті.
«Қауын көбіне еліміздің оңтүстік өңірінде өсіріледі. Біз тәжірибе ретінде осы дақылды егіп көрдік. Нәтижесінде өнімнің сапасы мен тәттілігі кәсіптің бұл саласын дамытуға болатындығын көрсетті. Өнімнің басым бөлігі Алматы қаласының ірі базарларына жөнелтіліп жатыр. Алдағы жылы егіс көлемін ұлғайтуды жоспарладық», – деді қожалық басшысы Бекзат Заманбеков.
Қауыннан бөлек, шаруашылықта 220 гектарға жүгері, 20 гектарға бақша дақылдары, 14 гектарға пияз және 30 гектарға жоңышқа егілген. Болашақта егіс алқаптарының көлемін 500 гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осыған орай, инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік субсидия алуға құжаттар рәсімделуде. Бұған дейін шаруашылық «Кендала-2» бағдарламасы аясында 40 млн теңге несие алған болатын.
Шеңгелдіде сонымен қатар дәстүрлі түрде пияз өсірумен айналысатын «Бауыр» шаруа қожалығы да жұмыс істейді. Биыл қожалық 70 гектар жерді игеріп, оның 20 гектарынан 1600 тонна өнім алды. Жинау науқаны қыркүйекке дейін жалғасады деп күтілуде.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Шеңгелдіде 11 769 гектар жер игерілді. Оның ішінде 2000 гектарда 13 шаруашылық су үнемдеу технологияларын енгізуде (900 гектар – жаңбырлатып, 1100 гектар – тамшылатып суару әдісі). Қазіргі таңда 315 тонна бидай, 3127 тонна арпа, 1750 тонна картоп, 1950 тонна пияз, 4430 тонна бақша дақылдары және 21 247 тонна мал азығы жиналды. Науқан қорытындылары толық есептелген соң қосымша мәліметтер ұсынылады.
Күзгі дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін фермерлерге жеңілдетілген бағамен 119 тонна дизель отыны бөлініп, тиісті келісімшарттар жасалды.





