Меморандумға Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, университет ректоры Дархан Ақпанбетов және білім бөлімінің басшысы Қаламқас Қойшыбаева қол қойып, ортақ мақсаттарды айқындады.
Құжат аясында тараптар Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті білікті мамандарды даярлау, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, дуалды оқыту жүйесін енгізу, сондай-ақ білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Меморандумның негізгі мақсаты – қаланың кадрлық әлеуетін арттыру, оқушыларды ерте кезеңнен кәсіби бағдарлау, және университет пен мектеп арасындағы байланыстарды жүйелеу. Бұл қадам еңбек нарығының нақты сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік бермек.
Ынтымақтастық аясында Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті қала мектептерінің үш түлегіне білім гранттарын табыстады. Бұл – дарынды жастарды қолдау мен олардың жоғары білім алуына жасалған нақты қолдау.
Университет ректоры Дархан Ақпанбетов өз сөзінде:
«Біздің басты мақсатымыз – сапалы білім беру арқылы елдің өндірістік әлеуетін күшейту. Қала мектептерімен тығыз байланыс орнатып, түлектерді нақты сұранысқа ие техникалық және инженерлік бағыттарға бейімдеу – осы меморандумның негізгі бағыттарының бірі», – деп атап өтті.
Қала әкімдігі бұл бастаманың Қонаев қаласының дамуына, әсіресе техникалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге оң әсер ететініне сенім білдірді. Меморандум аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, оқу орындары мен өндіріс арасындағы көпірге айналмақ.
Осындай мазмұнды әріптестік – ел Президентінің «Білім мен бизнестің тығыз байланысы» жөніндегі тапсырмасымен үндес келеді және еліміздің адами капиталының сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.





