Бұрынғы «Талғар су» коммуналдық кәсіпорны қайта құрылып, облыс әкімдігінің 100% қатысуымен Alatau Public Utilities бірыңғай операторы құрылды. Бұл бастама Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен жүзеге асырылуда.
2024 жылдан бастап компания сумен жабдықтау саласын жаңғыртудың кең ауқымды бағдарламасына кірісті. Аудандық деңгейден облыстық деңгейге өту даму стратегиясын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Бас директор Асқар Тұтұбаев компания қызметін ашықтық, тиімділік және инвестициялық тартымдылық қағидаттарына негіздеп қайта құруды қолға алғанын атап өтті.
Компания стратегиясының негізі ретінде Мемлекет басшысының тарифтік саясатты реформалау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі Жолдауы басшылыққа алынған.
Жүйелі жаңғыртудың алғашқы қадамы ретінде кәсіпорын балансына 7,5 млрд теңгеге бағаланған мүлік берілді. Су ресурстарын пайдалануға қатысты барлық қажетті рұқсаттар алынып, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Бүгінде компанияда 329 қызметкер еңбек етеді.
Инженерлік желілер алдын ала техникалық тексеруден өтті, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Абоненттік базаны қайта қарау нәтижесінде қызмет көрсетілетін тұтынушылар саны 3700-ге (7,2%) артты.
30 жылдан бері алғаш рет бірыңғай төлем құжаты мен есеп айырысу жүйесі енгізілді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап «Алсеко» АҚ-мен әріптестік орнатылып, онлайн қызмет көрсетуге көшудің негізі қаланды. Енді тұрғындар есеп көрсеткіштерін онлайн тапсырып, төлемдерді мобильді қосымшалар арқылы жүргізе алады. Соның нәтижесінде төлем жасау көрсеткіші 52%-дан 93%-ға дейін өсіп, түсім 71 млн теңгеге артты (563 млн теңгеден 634 млн теңгеге дейін).
«Алматы су» МКК және бірыңғай оператор арасында ағынды суларды есепке алу жүйесі толық автоматтандырылды. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мен қашықтан бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы алты ай ішінде 1500-ден астам апатты жағдай жойылды. Техникалық қызметтер проактивті жұмыс тәртібіне көшіп, жүйе тұрақтылығын арттырды. Өндірістік қызметкерлердің жалақысы көтеріліп, кадрлық әлеуетті нығайтуға басымдық берілді.
Алайда автопарк әлі де күрделі жағдайда: 35 техниканың тек 12-сі ғана жұмысқа жарамды. Төрт жаңа қозғалтқыш сатып алынып, біреуі орнатылды. Суасты сорғыларының жаңартылуы Талғар ауданында ауызсумен үздіксіз қамтуды қамтамасыз етті.
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Талғар және Еңбекшіқазақ (батыс бөлігі) аудандарында жаңа су тарифтері бекітілді. ҚҚС-ты қоса есептегенде, су текше метрінің орташа құны – 85,97 теңге. Бұл 2021 жылдан бергі тарифпен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Асқар Тұтұбаевтың айтуынша, әр ауданда түрлі тариф пен құрылымның болуы жүйесіздікке әкеледі:
«Әр аудан өз бетінше жұмыс істейді. Бұл – жоспарлау мен даму үшін үлкен қиындық. Су ресурстарын тұрақты басқару үшін бірыңғай жүйе мен бірыңғай оператор қажет», – деді ол.
Бүгінде Alatau Public Utilities Талғар ауданындағы 47 елді мекеннің 33-іне, яғни шамамен 70% аумаққа қызмет көрсетеді. Ауызсу 48 ұңғыма және үш жерүсті су көзінен — Талғар өзені (екі учаске) мен Қотырбұлақ бұлағынан алынады. Су желілерінің жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асады, абоненттер саны – 57,5 мың адам.
2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін ұстауға арналған шығындар 1 млрд теңгеден асты. Қаражат инфрақұрылымды жөндеуге және жаңғыртуға бағытталды.
Ұқсас реформалар Еңбекшіқазақ ауданында да жүргізілуде — мұндағы бұрынғы «Есік су» коммуналдық кәсіпорны да Alatau Public Utilities операторы құрамына кірді.
«Егер бүгін инфрақұрылымға инвестиция салмасақ, ертең краннан су ағуы екіталай. Тариф – тек шығынды өтеу құралы емес, тұрақты дамудың тетігі», – деді компания басшысы.
Alatau Public Utilities заманауи, технологиялық және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйым ретінде қалыптасуды мақсат етіп отыр. Компания жұмысының өзегінде — қызмет сапасын арттыру және әрбір тұтынушының мүддесі тұр.





