Жыл басынан бері аталған акция аясындағы шараларға 220,8 мың адам мен 8 836 кәсіпорын және ұйым қатысқан. Нәтижесінде 6,6 мың тонна қоқыс жиналып, 76 702 түп ағаш пен 14 мың келіге жуық әртүрлі ағаш тұқымдары егілді. Әсіресе мектеп оқушылары жоғары белсенділік көрсетті: облыстың 429 мектебінде 11,2 мың түп ағаш отырғызылды.
Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар аумағын абаттандыру және тазалау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Атап айтқанда, 3 048 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 55 саябақ пен сквер, 781 тарихи-мәдени нысан және 1 055 әлеуметтік мекеме тазартылды. Бұл жұмыстарға 2 395 арнайы техника жұмылдырылды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы медиажоспар бекітіліп, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 21 мыңнан астам материал жарияланды.
Сондай-ақ экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтауға арналған телеграм-бот туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, тұрғындардың ПИК чаттарында, квазимемлекеттік ұйымдардың жұмыс топтарында, «Жетісу» телеарнасы мен облыстық сайттарда және баспа басылымдарында 200-ден астам мақала жарық көрді.
Бұдан бөлек, облыс аумағында 43 тақырыптық баннер орнатылып, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеді.
«Таза Қазақстан» акциясы — табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын мыңдаған адамның күш-жігерін біріктірген кең ауқымды бастама. Бұл жұмыс келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.





