Полиция қызметкерлері рейдтік шаралар өткізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында техникалық құралдарды кеңінен қолдануда. Жасырын әрі тиімді бақылау жүйелері енгізіліп, нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін тіркеуге мүмкіндік берілді.
Атап айтқанда, Талғар тас жолында келесі цифрлық технологиялар іске қосылған:
Дрондар – жолдағы қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу сәттерін әуеден бақылап, бейнетіркеуге алады;
EKIN PATROL жүйесі – көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдық асыру, техникалық байқаудан өтпеу және сақтандырусыз жүру сияқты бұзушылықтарды тіркейді;
Жасырын патрульдер – арнайы белгілері жоқ автокөліктер нақты уақытта жүргізушілердің тәртібін бақылап, полицияның тікелей араласуынсыз заңбұзушылықтарды анықтайды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл жүйелер тек жазалау емес, жол апаттарының алдын алу үшін енгізілген.
«Қазіргі технологиялар жолдағы жағдайды алдын ала болжауға және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер бақылау көзге көрінбесе де, оның бар екенін ескеруі тиіс. Біздің мақсатымыз – жолдағы тәртіп пен адам өмірін сақтау», – деп атап өтті ведомстводан.
Алматы облысы бойынша 2025 жылдың алты айында 1 447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін көрсеткіш. Осыған байланысты облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қолға алынған.
Осы кезеңде полиция 110 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде:
техникалық ақауы бар көлікті басқару – 11 029 жағдай,
тоқтау және тұру ережесін бұзу – 2 542,
қарсы жолаққа шығу – 615,
мас күйде көлік жүргізу – 479,
жаяу жүргіншілерге қатысты бұзушылықтар – 13 697 жағдай.
Полиция әрбір жол қозғалысына қатысушыны тәртіп пен жауапкершілікке шақырады. Жолдағы бақылау құралдары – жазалау емес, қайғылы оқиғаларды болдырмау құралы.
«Әрбір бұзушылықтың артында ықтимал апат тұруы мүмкін. Сондықтан жүргізушілер ережені сақтап, адам өміріне қауіп төндірмеуге тиіс. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз», – делінген хабарламада.
Алматы облысының тәртіп сақшылары жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды жалғастыра береді.





