Домбыра күнін мерекелеу аясында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар дәстүрлі өнерді насихаттауға, рухани құндылықтарды нығайтуға, әсіресе жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Алматы облысының барлық қала және аудан орталықтарындағы мәдениет үйлері, кітапханалар мен музейлерде концерттер, әдеби-танымдық сағаттар, көрмелер және түрлі мазмұнды бағдарламалар өтті. Сонымен қатар, республика көлемінде арнайы челлендж ұйымдастырылып, оған облыстағы барлық шығармашылық ұжымдар белсене қатысты. Белгіленген кестеге сәйкес, 5 шілде күні челлендж Павлодар облысынан қабылданып, Ақтөбе облысына жолданды.
6 шілде күні Қонаев қаласында Домбыра және Астана күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар өтті. Қала көшелерімен өткен домбырашылар шеруі, орталық саябақта ашылған көрме және концерттік бағдарлама мерекенің айрықша көрінісіне айналды.
Мерекелік концертті Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбековтің жетекшілігіндегі «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі ашты. Одан кейін сахна төрінде «Адырна», «Құлансаз», «Қонаев әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері және облыстың әр өңірінен келген өнерпаздар өнер көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық Домбыра күніне орай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс», – деп жазды.
Президент жастардың дәстүрлі мәдениетке бет бұруын, ата-бабадан қалған мұраға деген құрметін жоғары бағалап, рухани сабақтастықты нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Домбыра – ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі, халықтың тарихы мен рухын жеткізетін тірі шежіре. Ұлттық Домбыра күнін кеңінен атап өту – ұлы мұраға деген құрметтің айғағы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ бойында патриоттық рух пен ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы маңызды қадам болып саналады.





