Ірі жобалардың қатарында әлемдік деңгейдегі Pepsico зауытының құрылысы, LC Waikiki көтерме-тарату орталығы, Qazaq Global Food қайта өңдеу зауыты, сондай-ақ Kusto Logistics, MP Solution, Oasis Logistics, Еуразиялық логистикалық парк секілді маңызды индустриялық және логистикалық хабтардың дамуы бар. Бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық бағытты кеңейтуге ықпал етпек.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 23 жаңа өндіріс орны іске қосылған. Солардың бірі – өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын KT&G темекі фабрикасы. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және кеңейту нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Өңірдің Қытай мен Қырғызстанмен шекаралас аймақта орналасуы Алматы облысын маңызды өңірлік транзиттік және логистикалық орталыққа айналдыруда. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы ауданы 1786 гектарды құрайтын төрт индустриялық аймақ жұмыс істейді, тағы екі аймақтың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Alatau» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылуда.
Жалпы, Алматы облысында жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 215 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қытай капиталының қатысуымен іске асырылып жатқан құны 1,9 трлн теңге болатын 34 жоба бар. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, жасыл энергетика және су шаруашылығы салаларын қамтиды.
Соңғы екі жылда облыс әкімінің басшылығымен Қытайдың 14 өңіріне бес жұмыс сапары ұйымдастырылып, 70-тен астам кәсіпкермен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде, 100-ден астам екіжақты кездесу өткізіліп, 30-дан астам меморандумға қол қойылды.
Инвестициялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылуы, инфрақұрылымның дамуы және кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолайлы жағдайлар Алматы облысын елдегі жетекші индустриялық және логистикалық орталықтардың біріне айналдырып келеді.





