Мектептің ішкі инфрақұрылымы қазіргі заман талаптарына толық сай. Білім ордасында пәндік кабинеттермен қатар, STEM және робототехника сыныптары, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, спорт және акт залы, кең асхана мен мәжіліс залы бар.
Мектептің ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков сөз сөйлеп, бұл нысан өңірдегі маңызды әлеуметтік мәселенің шешіміне айналғанын атап өтті.
«Бұл білім ордасы – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген алғашқы заманауи мектептердің бірі. Мемлекет басшысының «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деген сөзі осы істің мәні мен маңызын айқындайды», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы өңірде 9 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 17 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері белсенді қолданылып, жеке инвестициялар да тартылуда.
Мұндай нәтижеге жетуде жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ғана емес, партиялық бақылау мен саяси қолдаудың да рөлі зор. «AMANAT» партиясы өңірлердегі инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асуына тікелей атсалысып келеді.
«Екі жыл бұрын біз мектеп тапшылығы мәселесін шешуге уәде берген едік. Сол кезде облыста үш ауысымды 52 мектеп болған. Қазіргі таңда бұл сан 30-ға дейін қысқарды. Жаңалық ауылындағы мектеп – Жол картасында белгіленген 63 мектептің бірі. Бұл құрылыс басталған күннен бастап партиялық бақылауда болды. Уәде берген соң, сол істің басында болу – біздің міндетіміз», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
Айта кету керек, өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңарту – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Жол картасында көзделген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңа мектептердің ашылуы үш ауысымды оқытуды азайтып қана қоймай, мұғалімдер үшін тұрақты жұмыс орындарының санын арттырып, жыл сайын мыңдаған балаға қолайлы оқу жағдайын жасауға мүмкіндік беруде.





