«Бірлік» фестивалі ел азаматтарының ынтымақ пен татулықты ту еткен ұлт ретінде ұйысқанын тағы бір мәрте көрсетті.
Іс-шаралар легі Шеңгелді ауылындағы экологиялық бастамадан бастау алды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 10 мың ағаш отырғызылып, бұл өңірдегі алғашқы орман-климаттық жобаның негізін қалады. Тозған ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіріп, Алматы облысының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бұл бастама – бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Қонаев қаласының шетінде де жасыл белдеу қалыптастыру жұмыстары қолға алынып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арналған тың жобалар іске қосылды.
Қала орталығында өткен этномәдени көрмеде түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын, киімдерін, қолөнер бұйымдарын таныстырып, этноаумақта шеберлік сабақтарын өткізді. Қазақ, шешен-ингуш, ұйғыр, кәріс, татар, орыс, түрік және тәжік этностарының бір шаңырақ астындағы жарасымды тірлігі мен ортақ мақсатқа ұмтылысы ерекше әсер қалдырды.
Фестиваль салтанатты түрде Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев көпшілікті атаулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар 17 этномәдени бірлестік мүшесіне табысталды.
Мерекенің түйінді сәттерінің бірі – ұлттық киімдер шеруі мен 300-ден астам адамның қатысуымен өткен «Бірлік жүгіруі» болды. Бұл шара бірлік пен татулықтың тек мәдени құндылық емес, ел болашағын айқындайтын өмір салты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы күнгі көтеріңкі көңіл-күй, жалынды бастамалар мен рухани құндылықтарды ұлықтау – ел ішіндегі ынтымақтың нық екенін көрсетті.





