Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясының дамуы және оның ел экономикасындағы негізгі драйверлердің біріне айналу рөлі туралы баяндады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алматы агломерациясы өмір сүру, бизнес жүргізу және демалу үшін қолайлы жағдай жасап, Қазақстанның экономикалық өсуін қамтамасыз ететін маңызды аймаққа айналуы тиіс.
Алматы қаласы мен облысы әкімдіктері арасында арнайы Кеңес құрылып, 2024-2028 жылдарға арналған Алматы агломерациясын дамыту бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылуда.
Жалпы құны 3,37 трлн теңге болатын жоспар аясында 130 іс-шара қарастырылған, оның ішінде:
- 2024 жылы 34 іс-шара іске асырылды.
БАКАД – аймақтық даму факторы
Үлкен Алматы айналма жолы (БАКАД) іске қосылуы Алматы қаласының көлік ағынын айтарлықтай азайтты. Бұл, өз кезегінде, аймақтың экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып, жақын аудандарға ірі компанияларды тартуға ықпал етті.
Бүгінгі таңда жалпы сомасы 775 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан бес халықаралық компания жұмыс істеп жатыр:
- PepsiCo (АҚШ) – $200 млн сомасына «Lay’s» чипсілерін өндіру жобасы (зерттеу жұмыстары жүргізілуде);
- Focus Logistics және OZON (Ресей) – $151 млн сомасына «А» санатты қоймаларды салу (құрылыс-монтаж жұмыстары басталды);
- Строитель 98 (Ресей) – $100 млн сомасына «А» санатты логистикалық кешен салу (жер телімі бөлінді);
- KT&G (Оңтүстік Корея) – $204 млн сомасына темекі өнімдерін өндіру (жер жұмыстары жүргізілуде);
- Сонымен қатар, «Алтын Таға» ЖШС темірбетон бұйымдарын өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны $120 млн, нәтижесінде 1200 жұмыс орны ашылады.
Облыс басшысының айтуынша, бұл жобалар мегаполистен іскерлік белсенділікті аймақтарға қайта бөлуге ықпал етіп, өңір үшін жаңа перспективаларды ашады.
Алматы облысы – елдің маңызды агроиндустриялық аймағы
Алматы облысы Қазақстанның дамуында ерекше орын алады. Экономиканың 32,6%-ын құрайтын өңірде өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені басты рөл атқарады.
Өнеркәсіп өндірісінің 90%-ы өңдеу секторына тиесілі, оның ішінде:
- 22,2% – азық-түлік өнімдерін өндіру;
- 26,8% – сусындар өндіру;
- 17,9% – темекі өнімдерін өндіру.
Облыс келесі өнімдер бойынша көшбасшы:
- Көкөніс шырындары – 96% (республикалық көлемнен);
- Газдалған сусындар мен балмұздақ – 63%;
- Шарап және коньяк өнімдері – 60%;
- Сүзбе – 51%.
Бұл көрсеткіштер өңірдің өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Өңдеу көлемін арттыру мақсатында жетекші әлемдік компаниялар тартылуда. «Pepsi Co» компаниясының $175 млн тұратын, 300 жұмыс орнын құратын «Lay’s» чипсілерін өндіретін зауытын іске қосу жоспарланған.
Темекі өндірісі
Алматы облысы Қазақстандағы темекі өнімдерін өндіретін жалғыз аймақ. Мұнда «JTI» және «Philip Morris» секілді әлемдік көшбасшылар жұмыс істейді.
Биылғы 10 айдың ішінде бұл компаниялар жергілікті бюджетке 158,2 млрд теңге салық аударған, бұл облыс бюджетіне түскен барлық салықтық түсімдердің 37,4%-ын құрайды (422,6 млрд теңге). 2026 жылы Оңтүстік Кореяның «KT&G» компаниясының 93 млрд теңге тұратын, 300 жұмыс орнын ашатын зауыты іске қосылады.
Құрылыс материалдары өндірісі
Облыс құрылыс материалдарын өндіруде маңызды орынға ие:
- Гипсокартон – республикалық өндірістің 80%-ы;
- Сэндвич-панельдер – 42%-ы;
- Болат құбырлар мен профильдер – 15%-ы.
Биыл «Технониколь» компаниясының құны 53 млрд теңге болатын жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін ірі зауыты іске қосылды. Бұл 220 жұмыс орнын ашып, ішкі нарықтың 20%-ын қамтамасыз етеді және импортқа тәуелділікті азайтады.
Фармацевтикалық өндіріс
Алматы облысы фармацевтика өндірісінің көлемі бойынша Қазақстанда (Шымкенттен кейін) екінші орын алады. Елде шығарылатын дәрі-дәрмектің 24%-ы осы аймаққа тиесілі. Соңғы бес жылда фармацевтикалық өнім өндірісі 1,3 есеге артып, 30,1 млрд теңгеге жетті.
Вольфрам өндірісі
Еңбекшіқазақ ауданында елдегі алғашқы вольфрам рудаларын өндіру және өңдеу зауыты ашылды. Құны $300 млнболатын жоба 1000 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Зауыт жыл сайын 3,3 млн тонна кенді өңдеп, 65%вольфрам концентратын өндіреді. Бұл Қазақстанның сирек кездесетін металдар нарығындағы позициясын нығайтады.
Экспорттық әлеует
Алматы облысының өңделген өнімдері бүгінгі таңда 59 елге экспортталады. Экспорттың 90%-ын өңделген өнім құрайды, жалпы көлемі $455,5 млн.
Негізгі серіктес – Қытай
Қытай Алматы облысының басты серіктес. Биыл Қытайға жұмыс сапары барысында облыс билігі «Baoxin Metall», «Datang», «Dayu Irrigation» компанияларымен металлургия, инфрақұрылым және суару саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізді. Орталық Азия мен Қытай арасындағы 11-ші ынтымақтастық форумына қатысу тұрақты инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Индустриялық аймақтар
Облыста жалпы ауданы 2296 гектарды құрайтын жеті индустриялық аймақ құрылуда:
- «Береке» – жылына 25 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін қатыратын «Fruit Art» зауыты салынды (инвестиция сомасы – 42,8 млрд теңге, 300 жұмыс орны);
- «Кайрат» – мұнда 24 компания орналастырылған, жалпы инвестиция көлемі – 104 млрд теңге, 1521 жұмыс орны ашылады;
- «Қазыбек бек» және «Шелек» – жобалау жұмыстары аяқталуда.
«Таскарасу», «Сұңқар», «Жібек Жолы» аймақтарында агроөнеркәсіптік индустрияны дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл жерлерде 3400 жұмыс орны құру жоспарланған.
Алматы облысындағы индустриялық аймақтар тұрақты және теңгерімді дамуды қамтамасыз ету стратегиясының маңызды бөлігіне айналуда. Инвестицияларды тарту және жаңа жобаларды іске қосу арқылы өңірдің экономикалық әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.





