Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша Қазақстандағы үздік бес аймақтың қатарына кіреді. Өңірдің ауыл шаруашылығындағы үлесі 8,2% (Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін). Бүгінгі таңда Алматы облысы республикада ет, көкөніс, жеміс-жидек, картоп, жүгері, соя және күріш өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Өңір басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығын дамытуға 33 млрд теңге бөлініпті, оның ішінде 27 млрд теңге субсидия ретінде берілген. Ал бұл қолдаумен шамамен 3963 шаруа қожалығы қамтылыпты.
«Жақында Бакуде өткен саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның су ресурстарын қаржыландыру бойынша Ислам даму банкімен келісімге қол қойылды. Ислам даму банкі жалпы сомасы $1,15 млрд инвестиция салуды жоспарлап отыр, оның 20%-ы немесе 115 млрд теңге Алматы облысына бағытталады. Бұл қаражат аймақтың су ресурстарын басқару жүйесін жақсартуға және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі күн тәртібінен түспейді»,- жиын барысында Марат Сұлтанғазиев.
Биыл барлығы 397 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталса, оның 84,1 мың гектары мемлекетке қайтарылыпты. Сонымен қатар облыста мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өйткені гоблыс аумағы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Облыста 7 құс фабрикасы жұмыс істейді, олар құс етін өндіруде республикада 1-орында тұр. Жалпы өндіріс көлемі 114,3 мың тоннаны құрайды, бұл Қазақстандағы құс етінің үштен бір бөлігіне тең (республика бойынша – 368 мың тонна).
«Ет өңдеу бойынша Алматы облысында келесі танымал кәсіпорындар жұмыс істейді: «Первомайские деликатесы», «Барон Фуд», «Макария», «Алель Агро», «Алатау құс», «Прима құс». Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 70 мың тонна өнім өндіреді. Сонымен қатар, 2 млрд теңге сомасына қуаттылығы жылына 3 мың тонна болатын «Кеген МясПром» ет комбинатының құрылысы аяқталу сатысында. Бұл жоба 50 жұмыс орнын құрып, ет өңдеу деңгейін 63,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.Бұл бастамалар өңірдің аграрлық секторын одан әрі дамытуға және оның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған»,-деді облыс әкімі.
Биылғы жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 5,1 миллиард теңге сомасына 8 жаңа жоба іске қосылып, 130 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бұл жобалар өңірдің ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға елеулі үлес қосады.





