Алматы облысының прокуратурасы заңсыз митингтерді ұйымдастыру мен оларға қатысудың салдары туралы тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Ведомство бейбіт жиналыстар, митингтер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен қатаң реттелетінін еске салды.
«Тұрғындарды заңды сақтау мен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Заңсыз митингтерге шақыруларға ермеу керек. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу – заңды бұзу болып табылады және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бұл әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, айыппұл салу немесе қылмыстық қудалауға ұшыратуы мүмкін екенін ескертеміз», – делінген прокуратура үндеуінде.
Бұл үндеу 10 желтоқсанда Азат ауылында орын алған оқиғадан кейін жарияланды. Сол күні Талғарда қайтыс болған Шерзат Болаттың ағасының жерлеу рәсімі өткен еді. Полицияның алдын ала дерегіне сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Жерлеу рәсімінен кейін полиция Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстады. Полицияның мәліметінше, ол агрессивті әрекет көрсетіп, айналасындағыларға қауіп төндірген, өз-өзіне қол жұмсау туралы айтып, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған.





