Алматы облысының фермерлері Алматыда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 130 тоннадан астам өнім әкелмек, деп хабарлайды Alataunews.kz.
Жәрмеңке 2024 жылдың 30 қарашасы мен 1 желтоқсанында оңтүстік астананың төрт ауданында өтеді. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің мәліметінше, бұл шара кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынуға бағытталған.
«Жәрмеңкеде 50-ден астам өнім түрі сатылымға шығарылады. Оның ішінде ет-сүт өнімдері, көкөніс-жеміс, ұн, жарма, өсімдік және жануар майлары бар», – деп хабарлады ведомство.
Өнімдерді Алматы облысының Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының фермерлері, сондай-ақ Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындары жеткізеді.
Бұл жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін сапалы және қолжетімді бағадағы өнімдерді сатып алуға мүмкіндік береді.