Бүгін Мәжіліс депутаттары «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Депутат Дмитрий Колоданың мәлімдеуінше, есірткі заттарын таратуға қатысты жауапкершілікті күшейту мақсатында Қылмыстық кодекстің 301-бабына мүлікті тәркілеу жазасы енгізілген. Сонымен қатар, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, оларды сақтау және пайдалану ережелерін бұзу, сондай-ақ олардың ұрлануына байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұдан бөлек, прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты жауапкершілік күшейтілген. Атап айтқанда, есірткі және психотроптық заттарды өндіру үшін пайдаланылатын арнайы бақылаудағы құрал-жабдықтарға қатысты қосымша санкциялар енгізілген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске де маңызды өзгерістер енгізілді. Есірткі тұтынғаны үшін мәжбүрлі емдеуден өткен азаматтар клиникадан шыққан соң есепке алынып, қолдау терапиясын өтуге міндеттеледі», – деді Колода Мәжілістің пленарлық отырысында.
Сонымен бірге, есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың аналогтарын өндіру мен сатуға қатысты жауапкершілікті ажырату бойынша түзетулер ұсынылды.
«Есірткі заттарын заңсыз дайындау, өңдеу және өндіруді жеке жаңа 297-1-бапқа бөліп көрсету ұсынылды. Бұл әрекеттер үшін 15 жылдан 25 жылға дейін немесе мүлікті тәркілей отырып өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер мұндай әрекеттерді лауазымды тұлғалар өз қызметтік өкілеттігін пайдаланып жасаса, жазаны мүлікті тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін күшейту көзделген», – деп түсіндірді депутат.