Алматы облысында жаңа жылыту маусымына халыққа 714 мың тонна көмір қажет, бұл шамамен 10 352 вагонды құрайды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Облысқа қазіргі таңда теміржол арқылы 404,1 мың тонна көмір жеткізіліп, Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» кенішінен 21,7 мың тонна көмір сатылған. Теміржол тұйықтары мен қоймаларда 47,4 мың тонна көмір қоры жиналған.
Әлеуметтік нысандар үшін сұйық отын қажеттілігі 15 млн литрді құрап, бұл толығымен қамтамасыз етілген. Заречный және Қонаев қаласының қазандықтарына 2 900 тонна мазут дайындалып, барлық қазандықтар жөнделіп, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Газдандыру жұмыстары да жалғасуда: қазан-қараша айларында Жамбыл, Талғар және Ұйғыр аудандарының бірнеше ауылдары газға қосылып, 11 582 тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Жыл соңына дейін қосымша Талғар мен Ұйғыр аудандарының төрт ауылын газбен қамту жоспарланып, 8 553 тұрғынға мүмкіндік берілмек.