Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды, деп хабарлайды alataunews.kz. Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді.
«Бұл – ұлттық мәдениетімізді әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы фестиваль қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленеді. Бұл кино өнерінің жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеп, түрлі мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтудағы маңызын көрсетеді,» – делінген хатта.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық кинематографияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Еуразия» кинофестивалі үздік жобаларға жол ашып, көрермендерге рухани азық сыйлайды деген сенім білдірді.
Министр Аида Балаева кинофестивальдің Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени брендіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, кино саласын жүйелі дамыту және заңнамалық базаны жетілдіру жұмыстарының жалғасатынын айтты.
Фестивальдің ерекшеліктері:
- Шара 24-30 қараша аралығында өтеді.
- Фестивальге 15-тен астам ел қатысуда.
- Конкурстық бағдарламада үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.
- Байқауға Бангладеш, Оңтүстік Корея, Австрия, Катар және басқа елдердің туындылары қатысады.
- Фильмдер әмбебап тақырыптарды жергілікті контекстпен үйлестірген шығармашылық жұмыстарды ұсынады.
Кинофестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының ұйымдастыруымен өтуде.