Гүлмира журналистерді таңғы 10-ға шақырып, кешікпеулерін өтінген. Өйткені әкесіне күні бойы түрлі медициналық процедуралар жоспарланған. Болат Назарбаев Алматы маңындағы Шамалған ауылында тұрады. Бұл Назарбаевтардың туып-өскен ауылы. Мұнда олардың ата-анасының үйі, қара шаңырағы бар. Болат Назарбаевтың коттеджі қарапайым ауыл көшесінде, дүкен мен дәріхананың жанында орналасқан. Үйі арнайы қорғалып тұрған жоқ, тыйым салатын белгілер де көрінбейді.
Аулада журналистерді қызы Гүлмира, жары Динара, емдеуші дәрігер және мүгедектер арбасында отырған Болат Назарбаев қарсы алды. 69 жастағы Болат Назарбаевтың жағдайы өте ауыр екені көрініп тұр. Тыныс алуды жеңілдедетін трахеостомиялық түтік және тамырына катетерлер қойылған. Өздігімен қозғалып, сөйлей алмайды.
Журналистерді көргеннен Болат Әбішұлы мазасызданып, қаламсап беруді нұсқады. Ол арнайы планшетке жазып, қызына көрсетті. «Ол тағы да ауруханаға түсем деп қорқады», — деп түсіндірді Гүлмира. «Журналистер оны алғаш рет осындай жағдайда көріп отыр».
Қатерлі ісік (бүйрек карциномасы) Болат Назарбаевтан 2015 жылы табылды. Сол кезде трансплантация жасалды. Бірақ ауруы ауыр дәрежедегі прогрессивті қант диабетімен асқынған. 2021 жылы дәрігерлер тағы бір диагноз қойды — ларингиальды қатерлі ісік. 2021 жылы 29 шілдеде Болат Назарбаевқа Германияда көмейді алып тастау операциясы жүргізілді, одан кейін көптеген асқынулар пайда болған. Қыркүйек айында сепсис, тромбоз болып, жағдайы ауырлаған. Ол клиникалық өлімнен аман қалды, комада болды.
«Біз 2015 жылдан бастап әкеміздің ауруымен күресіп келеміз. Шетелге бардық. Емін Германияда бастап, Израильде жалғастырдық. Жарты жыл бұрын Қазақстанға әкелдік. Туған жердің ауасы ем дегендей. Қазіргі уақытта жағдайы өкінішке орай, жақсы емес. Бірақ, орындыққа отыра бастады. Қозғалмайды, тамақ ішпейді, дәрі-дәрмектерді пайдаланады, біздің қазақстандық дәрігерлер көп көмектесті. Олардың арқасында жағдайы қалыпты», — деді қызы Гүлмира.
Туыстарының айтуынша, Қазақстанда емдеуді жалғастыру туралы шешімді олар өздері қабылдаған. Шамалғандағы үйінің бір бөлігі аурухана палаталарына, аулада орналасқан ғимарат дәрі-дәрмек қоймасына айналды. Болат Назарбаев сөйлемейді, бірақ бәрін түсінеді. Қимылмен бірдеңе көрсете алады немесе қысқаша жаза алады. Оның көп күші жоқ.
«Ол күнде иммуносупрессивті терапия алады, бүйрегі істен шықпас үшін дәріге байлаулы. Гормондық терапия, антибиотикалық терапия, қантты төмендететін терапия қалпына келтіретін препараттарды қабылдайды. Жағдайы өте ауыр болып қалады», — дейді емдеуші дәрігер.
Бүгін Болат Назарбаевпен бірге оның жақын туыстары ғана қалды: әйелі, қызы, әпкесі, балалары. Ол ағасымен үнемі байланыста. 15 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған қаласына келген. Туыстарының айтуынша, Н. Назарбаев інісінің денсаулығына қатты алаңдайды. Сол жолы інісінің жанында бір сағаттан аса отырды, дәрігерлермен сөйлесіп, біраз сабырға шақырған.
«Біз көп жылдар бойы үндемедік. Ешкімге ештеңе айтпадық. Дәрігерлер әкем аяғына тұру үшін барынша күресіп жатыр. Ол біздің көз алдымызда күн сайын солып барады. Бірақ біз берілмейміз, соңына дейін күресеміз», — дейді қызы Гүлмира.
«Ол бала сияқты, біз оған сәби сияқты қараймыз», — дейді қызы Гүлмира
Бірнеше күн бұрын Болат Назарбаевқа тағы бір МРТ жасалды. Омыртқадан қабыну байқалған. Жұбайы Динара айтқандай, жақында арқасы ауыра бастаған, ұйқысы бұзылған, екі-үш күн ұйықтамауы мүмкін, сондықтан үнемі түрлі ауырсынуды басатын дәрілер беріледі.