Президент өз сөзінде Қызылорда өңірінде соңғы жылдары әлеуметтік салада айтарлықтай оң өзгерістер болғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда аймақта 34 білім беру нысаны, 5 мәдениет және спорт нысаны салынған, сондай-ақ 40 медицина нысаны пайдалануға берілген.
«Қызылорда қаласында әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамып келеді. Облыстың жағдайы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жергілікті атқарушы биліктің жұмысына да оң баға берді.
«Бұл — облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді әрі табанды жұмысының нәтижесі», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық құрылтайдың V отырысында өңірлердің дамуы, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар талқылануда.





