Жарылыстың күштілігінен көршілес көпқабатты үйдің терезелері сынған. Апат болған 80 пәтерлі үйдің тұрғындары эвакуцияланып, оқиға орнында құтқарушылар мен арнайы комиссия келіп жұмыс істеп жатыр. Орталық газ жүйесіне қосылған үйдегі жарылыс үшінші қабаттағы бір пәтерде болған. Құтқаруышылар үйінді арасынан төрт адамды алып шыққан. Оның үшеуі жеңіл жарақат алса, біреуінің аяғы мен бас сүйегі сынып ауруханаға жатқызылды.
«Жарылыс болған үшінші қабаттағы пәтер мен екінші қабаттағы пәтердің, одан кейін 3 пен 4-тің арасындағы төбе құлаған. Сынған заттар бірінші қабаттың үстінде жатыр. Салдары қатты, сондықтан бұл үйдің екінші подьезінде тұруға болмайды деп есептеймін», — деді Қарағанды облысы ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.
Теміртау қаласы әкімінің қаулысымен төтенше жағдай жарияланды. Қайрат Бегімов үй бюджет есебінен қалпына келтірілетінін жеткізді. Апатты подьездегі 16 пәтердің тұрғындары әзірге туған-туыстарын паналайтын болды. Қалғаны қонақүйге орналастырылмақ. Алдағы күндері тұрғындардың барлығы уақытша баспаналарға бөлінеді. Ал подьезді жөндеу немесе бұзу керектігін арнайы комиссия шешеді. Бұзған жағдайда, тұрғындарға баспана беру меселесі қаралады.