Ведомство мәліметінше, өңірде әскери іс-қимылдардың жалғасуы және бірқатар елдердің әуе кеңістігінің жабылуы қауіпсіздік тәуекелдерін арттырған. Осыған байланысты министрлік жағдай толық тұрақтанып, белсенді әскери әрекеттер тоқтағанға дейін қазақстандықтарға кейбір мемлекеттерге сапар жоспарламауға кеңес берді.
Министрлік жариялаған тізімге Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия кірген.
СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта осы өңірде жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, қауіпті аудандарға бармау, жергілікті билік органдарының талаптарын сақтау және төтенше жағдай туындаған жағдайда белгіленген паналау орындарына жедел бару қажет.
Сонымен қатар министрлік қазақстандықтарды Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуға шақырды.





