«Қарадала орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері дауыс беріп болған соң, Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектептің ауласына ағаш отырғызды.
Аудан тұрғындары ел тарихындағы маңызды күнді есте қаларлықтай өткізуге тырысқан. Әр сала өкілдері референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Орман шаруашылығы қызметкерлері алдымен сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасап, кейін мектеп ауласына көшет отырғызу акциясын ұйымдастырды. Жалпы білім ордасының ауласына 30 түп жас ағаш егілді.
Қарадала орман шаруашылығының басшысы Айдос Адабайұлы бұл бастаманың мәнін түсіндірді.
«Бүгінгі күн ел тарихындағы маңызды күн. Біз жаңа Конституцияны бекіту үшін дауыс беріп, болашағымыздың іргетасын бірге қалап жатырмыз. Мемлекет басшысының мұндай маңызды мәселелерді халықпен ашық талқылап, ел таңдауы арқылы шешуі көрегендік. Біз ағаш отырғызу арқылы азаматтарды табиғатты қорғауға шақырып, бүгінгі тарихи күннің белгісі ретінде мектеп ауласына көшет егуді жөн көрдік», – деді ол.
Оның айтуынша, отырғызылған ағаштар уақыт өте келе өсіп, жайқалып, болашақ ұрпаққа көлеңке болатын үлкен бәйтерекке айналады. Бұл бастама мемлекеттің де дәл сол ағаштай тамырын тереңге жайып, нығая түсуін білдіретін символ ретінде қарастырылған.
«Дауыс бер, өз ағашыңды отырғыз» акциясы аудан тұрғындары үшін үлгі боларлық игі шараға айналды. Енді мектептің жаңа ғимаратының ауласында 15 наурыз күні отырғызылған 30 түп ағаш өсіп, осы күннің естелігі ретінде сақталмақ.
Мектеп директоры Берікбай Атагелдиев те орманшылардың бастамасына ризашылығын білдіріп, жас көшеттерге тиісті күтім жасалатынын айтты.





