Жыл мезгілдерінің ауысуы адам ағзасына айтарлықтай әсер етеді. Диетолог мамандар қыста дұрыс тамақтанудың маңызды екенін айтады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Суық ауа райында ағза көп калория жұмсап, жылынуға тырысады, бұл тәбеттің артуына әкеледі. Диетологтардың айтуынша, ағзаның қажеттілігін ескермей, тамақтануды шектеу денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ артық салмақ қоспау үшін тамақтану рационына мән беру керек.
Қысқы рационға қойылатын негізгі талаптар:
- Калорияны бақылау:
Калориясы жоғары азық-түлікті шектеп, белсенді өмір салтын ұстану маңызды. Бұл артық салмақ жинамауға көмектеседі. - Қант пен ұн өнімдерін азайту:
Тәттілер, тоқаштар мен кәмпиттерді рационнан барынша қысқарту ұсынылады. - Жеміс пен көкөністі пайдалану:
Иммунитетті сақтау үшін күнделікті кем дегенде 400 грамм жеміс, көкөніс және кептірілген жеміс тұтыну қажет. - Ақуызға бай тағамдар:
Ет, ашымал сүт өнімдері, бұршақ тұқымдастар рационыңыздың ажырамас бөлігі болуы тиіс. - Майларды мөлшермен пайдалану:
Күніне 20 грамм сары май немесе өсімдік майы жеткілікті. - А және Е дәрумендері:
Теріні қорғау үшін сәбіз, тазартылмаған майлар және астық тұқымдас өнімдерді тұтыну ұсынылады.
Суық күнге арналған тамақтану үлгісі:
- Таңғы ас: Сүтке піскен ботқа, кептірілген немесе жаңа піскен жемістер.
- 2-таңғы ас: Жеміс, компот немесе итмұрын қайнатпасы.
- Түскі ас: Буға піскен котлет, қарақұмық ботқасы және жеңіл салат.
- Бесіндік ас: Ашымал сүт өнімдері немесе жұмыртқаның ақуызы.
- Кешкі ас: Пеште піскен тауық еті мен брокколи, орамжапырақ қосылған көкөністер.
Мамандардың айтуынша, дұрыс таңдалған тамақтану үлгісі ағзаның қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, қыс мезгілінде артық салмақ жинаудың алдын алады.