Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта «Қапшағай Алтын Алма» кооперативі аумағындағы үйлерді сүру және жер учаскелерін алып қою жоспарланбаған. Сондай-ақ аталған аумақты жаңартуды немесе үйлерді бұзуды көздейтін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленбеген. Саяжай аумағында құрылыс жүргізуге ниетті нақты инвесторлар да жоқ.
Қазан айында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен кездесіп, қаланың Бас жоспары мен аталған аумақтардың даму перспективаларын талқылаған болатын.
Кездесу барысында тұрғындар жеке тұрғын үйлерден тұратын қазіргі құрылыс үлгісін сақтап, көпқабатты үйлер салмауды ұсынды. Сонымен қатар жер учаскелерінің нысаналы мақсатын саяжайдан жеке тұрғын үй құрылысына өзгерту, ауызсу және газ желілерін тарту, жол салу мәселелерін көтерді.
Бас жоспарды әзірлеген «Урбостиль» ЖШС бас директоры Любовь Нысанбаева құжат қаланың ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындайтынын түсіндірді. Онда инженерлік инфрақұрылымды, өнеркәсіпті, тұрғын үй құрылысын, әлеуметтік және әкімшілік нысандарды дамыту мәселелері қамтылған. Оның айтуынша, саяжай алқаптарын сүру қарастырылмаған.
Ал Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Руслан Алтыбаев құрылыс түрлері мен ғимараттардың қабаттылығы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу барысында айқындалатынын жеткізді. Бұл ретте аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуін өзгеріссіз сақтау жоспарланып отыр.
Осылайша, қазіргі уақытта Қонаевтағы «Қапшағай Алтын Алма» кооперативінің аумағындағы үйлерді сүру немесе жер учаскелерін алып қою көзделмеген.





