Ведомство мәліметінше, Брюссельде өткен Global Gateway инвестициялық форумының ашылу салтанатында министр Марат Қарабаев Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік дәлізін дамыту жөнінде сөз сөйлеп, бірқатар отандық әуежайдың инвесторлар қолына берілетіні туралы айтқан.
«Азаматтық авиация саласын дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін инвесторларға отандық 22 әуежайды басқаруға беру жоспарланған», — деді министр.
Сонымен қатар, Марат Қарабаев Брюссель қаласында Бельгия премьер-министрінің орынбасары Жорж Гилькинемен кездесті. Кездесу барысында Еуропа мен Қазақстан арасындағы көлік дәліздерін кеңейту, сондай-ақ екі елдің көлік саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту және нығайту мәселелері талқыланды.