Сондай-ақ қайтыс болған 88 адамның (10 бала) мәйітін үйінді астынан шығарды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккендерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп жатыр. Осыған дейін 140-тан астам жергілікті тұрғынға, соның ішінде 17 балаға медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде стрестің жедел реакциясы, салқын тию, тыныс алу жолдары аурулары, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.
Іздестіру жұмыстары басталғалы жедел штаб жұмыс істеп тұр. Оның мақсаты — төтенше жағдай аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау, қажетті ақпаратты беру, төтенше жағдайдың күрделенуін және олардың салдарын болжау, төтенше жағдаймен күрес бойынша жедел шешім қабылдау үшін ұсыныстар дайындау жұмыстары.
Қазіргі уақытта қазақстандық құтқарушылар екі елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстарын атқарып жүр. Бұл бетон, басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады.
Газиантеп қаласына бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда екі учаскеде жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде 4 адам құтқарылды, 30 адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратты аршып жатыр. Онда да ғимарат толық қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, 24 адамның денесі шығарылды.
Қазақстан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр. Толық қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар атқаруда.
Қазақстандық құтқарушылар өте тереңде жатқан үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды — ер адам мен екі әйелді шығарды. Қайтыс болған 11 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылып жатыр.